Өз сөзінде Президент жасанды интеллект технологияларын қарқынды дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударды. Цифрландыру дәуірінде жасанды интеллектіні қолдану – уақыт талабы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барлық салада заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді жедел енгізу қажет.
Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Осы ретте Президент мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің маңыздылығын және «ақылды» қалалар тұжырымдамасын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындады. Бұл бастаманы толық қолдай отырып, «ақылды» технологияларды енгізу тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттыруға, олардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жайлы өмір сүру жағдайын жасауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жолдаудың маңызды бөлігі су ресурстарын ұтымды пайдалану және табиғи байлықтарды сақтау мәселелеріне арналды. Әрбір азаматтың суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру қажеттігі жөніндегі Президенттің ұстанымы толығымен қолдау табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоба аясында мектептер құрылысының аяқталу мәселесіне де тоқталды. Заманауи әрі жайлы білім беру ұйымдарын құру мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы ретінде айқындалды. Бұл бағыт ерекше маңызға ие, себебі мектеп – ел болашағының іргетасы. Заманауи білім беру мекемелері тек сапалы оқу үдерісін қамтамасыз етіп қана қоймай, әрбір оқушының шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға жағдай жасауы тиіс. Балалардың қауіпсіз, жайлы және инновациялық ортада, уақыт талаптарына сай білім алуына ұмтылуымыз қажет.
Жолдауда айтылған міндеттер еліміздің одан әрі дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайды және оларды іске асыру үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді.