
Аталған жоба 2025 жылдың қазан айында «Аманат» партиясының бастамасымен қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Біз де бұл игі бастамадан тыс қалмай, педагогтеріміз, оқушыларымыз және ата-аналарымыз белсенді түрде қатысып, оқу мәдениетін дамытуға өз үлестерін қосты.
Жоба аясында әр санатқа 15 кітап оқып, арнайы порталға мазмұнды пікір жазу тапсырылды. Бұл жай ғана байқау емес, бұл — ой-өрісті кеңейту, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту және өз ойын сауатты жеткізуге бағытталған үлкен еңбек.
Ақпан айында мектепішілік және қалалық кезеңдер, сәуірде облыстық кезең өтті. Ал бүгін осы тамаша жобаның жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Біздің оқушылар үлкен сахнада лайықты марапатқа ие болып, 1 миллион теңге сертификатпен наградталды.
Оқудың маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Кітап — білімнің негізі, тұлғалық дамудың басты құралы. Ол адамның ойлау қабілетін қалыптастырып, талдауға, сезінуге, әлемді тануға және өз орнын табуға үйретеді. Мұндай жобадағы жеңіс — тек нәтиже ғана емес, білімге деген құштарлықтың, еңбексүйгіштіктің және рухани мәдениеттің айқын көрінісі.
Біз оқушыларымызды шын жүректен құттықтаймыз, педагогтер мен ата-аналарға қолдаулары үшін алғыс айтамыз. Бұл — ортақ жеңіс. Оқитын ұлт — дамыған, болашағы жарқын қоғамның кепілі.